Дүниежүзілік сайлау күні аясындағы фокус-топ отырысы: демократиялық институттарды дамытудың өзекті мәселелері

2026 жылғы 17 ақпанда Тарих, экономика және құқық факультетінде «Дүниежүзілік сайлау күні және оның демократия үшін маңызы» тақырыбында фокус-топ отырысы өткізілді. Аталған іс-шара Association of World Election Bodies бастамасымен жүзеге асырылатын халықаралық күн аясында және 2026 жылғы 15 наурызға белгіленген республикалық референдум қарсаңында ұйымдастырылды.

Іс-шара «Әлеуметтік ғылымдар» білім беру бағдарламасының аға оқытушылары К.М. Науанова мен Г.Н Есееваның ғылыми-әдістемелік жетекшілігімен өтті. Фокус-топ жұмысына «Халықаралық қатынастар» білім беру бағдарламасының 1–3 курс білім алушылары қатысты.

Отырыс барысында сайлау институтының демократиялық мемлекеттегі орны мен маңызы ғылыми-теориялық тұрғыдан талданды. Қатысушылар электоралдық үдерістердің қоғамдағы саяси тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлін, азаматтардың конституциялық құқықтарын іске асыру тетіктерін және құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелерін қарастырды.

Талқылау барысында ашықтық, жариялылық, теңдік және заң үстемдігі қағидаттарының демократиялық дамудың іргелі негіздері екендігі атап өтілді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы ұсынылатын алдағы республикалық референдум азаматтардың тікелей ерік білдіру нысаны ретінде бағаланып, оның саяси жүйені жаңғыртудағы және институционалдық реформаларды жүзеге асырудағы маңызы сарапталды.

Пікірталасқа 2-курс студенттері Солодилова Е., Тулемисов А., сондай-ақ электоралдық құқық және демократиялық процестер мәселелері бойынша сарапшы ретінде «Әлеуметтік ғылымдар» білім беру бағдарламасының аға оқытушысы Т.Т. Шайхиев белсенді қатысты. Олардың баяндамаларында сайлау институтына деген қоғамдық сенімді арттыру тетіктері, азаматтық белсенділікті күшейту жолдары және жастардың саяси-құқықтық сауаттылығын дамыту бағыттары ғылыми негізде қарастырылды.


Басып шығару