«Экологиялық дипломатия: ортақ шешімдерге бастар жол» тақырыбында ғылыми-талдамалық дөңгелек үстел ұйымдастырылды

2025 жылғы 26 қарашада тарих, экономика және құқық факультетінде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Экологиялық дипломатия: ортақ шешімдерге бастар жол» тақырыбында ғылыми-талдамалық дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шара «Әлеуметтік ғылымдар» білім беру бағдарламасының аға оқытушылары К. М. Науанова мен Г. Н. Есеева ұйымдастыруымен өткізілді.

Дөңгелек үстелге «Халықаралық қатынастар» және «Интерьер дизайны» білім беру бағдарламаларының 1–2 курс студенттері қатысты. Ә. Утеулиева мен Р. Қазиев жасаған баяндамаларында қазіргі кезеңдегі жаһандық экологиялық сын-қатерлердің табиғатын ғылыми тұрғыдан талдап, экологиялық дипломатияның трансшекаралық экологиялық мәселелерді реттеудегі институционалдық және саяси рөлін, сондай-ақ оның халықаралық қатынастардың құрылымына ықпал ету тетіктерін айқындады. А. Зингазиева мен Т. Тлегенова өз зерттеуінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық-құқықтық реттеу құралдарының мазмұны мен тарихи-эволюциялық маңызын ашып көрсетті. Атап айтқанда, «Киото хаттамасы», «Париж келісімі» және өзге де жаһандық экологиялық келісімдер климаттық саясаттың қалыптасуында атқаратын жүйеқұраушы функциялары тұрғысынан талданды.

Талқылау барысында халықаралық қауымдастықтың экологиялық дағдарысты еңсеруге қосатын үлесі, мемлекетаралық ынтымақтастық механизмдері және олардың тиімділігі көпқырлы әдістемелік қырлар арқылы қарастырылды. С. Шерер мен И. Аблаева баяндамаларында экологиялық дипломатия жүйесінде үкіметтік емес акторлар мен бизнес құрылымдардың орны мен ықпалын, олардың трансұлттық деңгейдегі азаматтық бастамаларын саралады. Олар сондай-ақ трансұлттық корпорациялардың (ТҰК) экологиялық жауапкершілік стандарттарын сақтау жөніндегі корпоративтік тұрақтылық саясатына аналитикалық баға берді. «Интерьер дизайны» ББ-ның 1 курс студенті Біріккен Ұлттар Ұйымының жаһандық экологиялық саясатты үйлестірудегі рөлі мен мандатына қатысты теориялық-талдамалық пайымдамалар ұсынды, атап айтқанда БҰҰ институттарының экологиялық қауіпсіздік саласындағы функционалдық міндеттері мен стратегиялық құжаттарын сипаттады.

Талқылау нәтижесінде студенттер қазіргі жаһандық экологиялық қатерлер — климаттың өзгеруі, биоәртүрліліктің жойылуы, экожүйелердің деградациясы жағдайында халықаралық дипломатиялық өзара іс-қимылдың маңызының арта түскенін атап өтті. Экологиялық дипломатия халықаралық саясаттың маңызды құрамдас бөлігі ретінде көп деңгейлі (жаһандық, өңірлік, ұлттық) ынтымақтастықты қамтамасыз ететін институционалдық платформа болып табылатыны ғылыми негізде пайымдалды.

Қатысушылар экологиялық проблемаларды шешу мақсатындағы мемлекетаралық келісімдер, тиімді тетіктер, сондай-ақ әртүрлі акторлардың — мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың, азаматтық қоғам институттарының және бизнес сектордың — өзара әрекеттесу үлгілері туралы пікір алмасты. Сонымен қатар Қазақстанның ұлттық экологиялық саясаты мен жаһандық экологиялық үдеріске қосып отырған үлесі ғылыми рефлексия объектісі ретінде қарастырылды.


Басып шығару