3 желтоқсан 2025 жылы М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің тарих, экономика және құқық факультеті базасында «Мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығы: қазіргі әлемдегі өзектілігі» тақырыбына арналған студенттік «Біріккен Ұлттар Ұйымы Моделінің» Екінші отырысы өтті.
Шара МО-32 тобының студенті Азамат Хайруллин мен МО-42 тобының студенті Дана Куспанованың төрағалығымен ұйымдастырылды. Іс-шараға «Халықаралық қатынастар» білім беру бағдарламасының МО-11, МО-12, МО-32, МО-41 және МО-42 топтарының; «Тарих» білім беру бағдарламасының Ист-31-1 және Ист-42 топтарының; «Тарих – Қоғамтану» бағыты бойынша ИО(IP)-12 тобының; «Маркетинг» білім беру бағдарламасының МБ-42 тобының; «Құқық» білім беру бағдарламасының Юр-12, Юр-32 және Юр-42 топтарының 28 студенті түрлі мемлекеттердің делегаттары ретінде қатысты. «Әлеуметтік ғылымдар» білім беру бағдарламасының аға оқытушысы Г.Н. Есеева әдістемелік және ғылыми-ұйымдастырушылық қолдау көрсетті.
Шараның жұмысы барысында:
- делегаттар мемлекет егемендігі, шекаралардың мызғымастығы және халықаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша өз елдерінің ұстанымдарын айқындай отырып, кіріспе мәлімдемелер жасады;
- аумақтық тұтастыққа төнетін заманауи қатерлерді, халықаралық құқықтың рөлін және қақтығыстарды бейбіт реттеу мүмкіндіктерін талқылаған модерацияланған пікірталастарға қатысты;
- беймодерацияланған пікірталас форматында коалициялар құрып, ұсыныстар әзірлеп, келісілген тәсілдерді айқындады;
- халықаралық ынтымақтастықтың жалпы бағытын қамтыған қорытынды қарар жобасын дайындады.
Аталған отырыс студенттердің аналитикалық және дипломатиялық дағдыларын дамытуға, халықаралық үдерістерді терең түсінуге және көпжақты келіссөздердің ерекшелігін сезінуге мүмкіндік берді. БҰҰ Моделі академиялық мәдениетті, диалог мәдениетін және командада нәтижелі жұмыс істеу қабілетін арттыратын тиімді білім беру алаңы ретінде өз маңызын жалғастыруда.

