Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған Әлеуметтік ғылымдар білім беру бағдарламасы аға оқытушысы А.Ж. Қуспанованың ұйымдастыруымен МО-11, МО-13, РЕГ-11, ВИ-11, ТМИ-11, АИ-11 топтарының студенттерінің қатысуымен «АБАЙ ӘЛЕМІ» атты әдеби-музыкалық кеш өтті.
Кештің негізгі мақсаты – ұлы ақынның мол мұрасын жастарға таныту, ұлттық руханияттың құндылықтарын насихаттау және Абай шығармашылығы арқылы тәрбиелік мәні зор өнегелі ойларды жеткізу болды.
Кеш барысында студенттер Абайдың лирикалық өлеңдерін оқып, сыршыл әндерін орындады. Қара сөздерден үзінділер ұсынылып, ақынның адамгершілік, рухани тәрбие жөніндегі ойлары көрерменге жеткізілді. Қобызда орындалған «Көзімнің қарасы» әні кештің көркемдік деңгейін арттырды. Сондай-ақ жас ақын Мадинаның Абайға арналған авторлық өлеңі тыңдалды.
Көрермендер арасында «Абайдан қалған жауһар» атты шағын викторина ұйымдастырылып, студенттер Абай өмірі мен шығармашылығы жөнінде білімдерін сынап көрді.
Бұл мәдени шара жастардың әдеби-рухани көкжиегін кеңейтіп, Абай мұрасына деген ықыласын арттырды. Кешке белсенді қатысып, өз өнерін паш еткен барлық студенттерге және кеш қонақтарына алғыс білдіреміз.
Абай мұрасы – ұлттың рухани шамшырағы, өшпес қазынасы.


