Әлеуметтану бойынша XVII республикалық студенттік пәндік олимпиада: «JAIYQ QOGAM» командасының қатысуы

2025 жылдың 22 сәуірінде еліміздің жетекші жоғары оқу орындары арасында әлеуметтану пәні бойынша дәстүрлі XVII Республикалық студенттік пәндік олимпиада өз мәресіне жетті. Аталған білім додасы — Қазақстандағы болашақ әлеуметтанушылардың кәсіби дайындығын арттыру, ғылыми ізденістерге ынталандыру және ЖОО арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында ұйымдастырылады.

Олимпиадаға республиканың жетекші оқу орындарынан 8 команда қатысты. Олар — М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Нархоз университеті.

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінен қатысқан «JAIYQ qogam» командасы өз оқу орнының намысын абыроймен қорғады. Команда құрамында:

  • Мутиголлаева Аружан — команда капитаны
  • Аманғалиева Әсем
  • Ғабділкәкім Әділет
  • Ерланов Нұрдәудет — мобилограф ретінде команданың шығармашылық жұмысын жүргізіп, визуалды контентін әзірледі.

«JAIYQ qogam» командасы байқау барысында өздерінің ғылыми дайындығын, әлеуметтанулық ойлау қабілетін, заманауи әдіс-тәсілдерге бейімділігін және командалық жұмыс мәдениетін жоғары деңгейде көрсете білді. Ғылыми тартыста команда жүлделі ІІІ орынды жеңіп, құнды сыйлықтар және дипломмен марапатталды.

Бұл дода жас мамандар үшін тек жарыс қана емес, сонымен қатар тәжірибе алмасу, кәсіби байланыстар орнату және өз әлеуетін таныту алаңы болды.


Басып шығару