Ағымдағы жылдың 20 - ақпан күні әл - Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «Саясаттану және саяси технологиялар» кафедрасы мен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті «Әлеуметтік ғылымдар» білім беру бағдарламалары арасында «Қалалық орта мен экосаясат: Алматы мен Оралдың тұрақты дамуы ТДМ 11 (Тұрақты қалалар мен елді-мекендер) контексінде» тақырыбында онлайн телемост (телекөпір) өткізілді.
Бұл шара философия ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «Саясаттану және саяси технологиялар» кафедрасының доценті Ашекеева Құралай Несіпбекқызы мен «Саясаттану» мамандығының 1-курс докторанты Макпал Гайсинаның ұйымдастыруымен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің «Әлеуметтік ғылымдар» БББ жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Журасова Алтынай Шугайқызы, аға оқытушы-магистр Мырзабаева Бакытгул Мырзахметқызының бірлесуімен жүргізілді.
Іс-шара барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Саясаттану», М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың «Халықаралық қатынастар» және «Аймақтану» білім беру бағдарламаларының 1-3 курс студенттері мен магистранттары Алматы мен Орал қалаларының экологиялық мәселелерін талқылап қана қоймай, олардың шешу жолдарын, екі қаланың саяси-экологиялық ерекшеліктері және жастардың тұрақты қалаларды дамытудағы рөлі жөнінде пікір алмасты.
Онлайн - телекөпірді Құралай Несіпбекқызы Ашекеева алғысөзбен ашты.
М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың «Халықаралық қатынастар» білім беру бағдарламасының 2 курс студенті Хамитова Мадина «Батыс Қазақстан облысының экологиялық жағдайы» тақырыбында баяндама жасады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның «Саясаттану» мамандығының 1-курс магистранттары Касенова Наргиза «Жасыл болашақ: экологиялық саясат және тұрақты даму», Саламат Аяла «Жасыл Алматы: қаланың экологиялық саясаты мен даму шаралары» атты өз ғылыми зерттеу жобаларымен бөлісті.
Екі қаланың экологиялық саясатына ерекше назар аудара отырып,студенттер проблемаларды шешу жолдары мен нақты ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ тұрақты қаланың дамуына экологиялық мәселелердің тигізетін ықпалын да атап өтті.
Онлайн-телекөпірдің интерактиві сессиясында студенттер мен магистранттар өзара пікр алмасты, баяндамашыларға көкейдегі сұрақтарын қойып, өңірлердің экологиялық жағдайын жақсарту бойынша ұсыныстарын білдірді.
Шараны қорытындылай келе, қатысушылар экологиялық мәселелерді шешуде студенттердің белсенді атсалысуы қажеттігін және бұл салада университетаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын ерекше атап өтті.