БҚО мамандан. ауданаралық әкімшілік сотымен танысу процессі

Ақпан айының 25-і күні М.Өтемісов атындағы БҚУ – дың «Құқық» білім беру бағдарламасының 3 курс студенттерімен БҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында аға оқытушылар Г.С.Ищанов пен А.К.Есенгазиеваның жетекшілігімен студенттердің теориялық білімдерін бекіту, сондай-ақ жастар арасындағы қылмыстың алдын алу және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында кездесу ұйымдастырылды.

Сотпен танысу жалпы экскурсиядан басталды, оның барысында БҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының кеңсе басшысы студенттерге кеңсенің жұмысы неде екенін егжей-тегжейлі түсіндіріп, кіріс және шығыс құжаттардың қалай тіркелетінін, сондай-ақ азаматтарды "Төрелік" ақпараттық жүйесі, "Сот кабинеті" сервисі арқылы сотқа өтініш беру тәртібі мен мерзімдерімен таныстырып, жүйеде жұмыс жасауды нақты көрсетті. Сондай-ақ, студенттер заманауи техникалық құрылғылармен, АВФ жүйесімен жабдықталған сот отырысы залымен танып, БҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Аубакирова Алтынай Аубакировнаның төрелік етуімен сол күнге белгіленген сот процесіне қатысуға мүмкіндік алды.

Кездесу барысында сот төрағасы Давлетова Алтынай Абукировна соттың жұмысы туралы, соттың құрылу тарихы мен оның қызметі туралы, сотта қандай материалдар қаралатыны, атап айтқанда сотта қаралатын істер санаты, олардың қатысушылары, кезедесетін басты мәселелермен, оларды шешудің жолдары, сот қызметіндегі кездескен қызықты, ерекше істер туралы айтып  берді. Сондай-ақ, Алтынай Аубакировна  болашақ заңгерлерге соттың жұмысы туралы айтып, студенттерге мемлекеттік қызметке кіру ережелері мен талаптарын, сондай-ақ сотта өндірістік практикадан өту мүмкіндігі туралы түсіндірді. Студенттердің әрбір сұрақтарына заңнаманы түсіндіре отырып, толық жауаптар берілді.

Кездесу соңында студенттер кездесудің мазмұнды және танымдық болғанын атап өтіп, ризашылықтарын білдірді. Өз кезегінде, аталған іс-шараны ұйымдастырушылар балаларға оқуда табыс тіледі.


Басып шығару