⚖️🏛 Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық сотының төрайымы Айгуль Маликова М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы және адвокаттармен «Қылмыстық заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар» тақырыбында өткізілген дөңгелек үстелге «ZOOM» қосымшасын қолдану арқылы онлайн түрде қатысты.
🔸Сот төрайымы дөңгелек үстел барысында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне және Қылмыстық процестік кодексіне 2020 жылғы 19 және 30 желтоқсанда енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға баяндама оқыды.
❗Атап айтқанда, ҚК 15-тарауы, мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтарға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға тоқталды.
▪️ҚК 361-бабы (Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану) төмендегі мазмұндағы 2-1-бөлікпен толықтырылды:
▪️«2-1. Құқық қорғау органының қызметкері жасаған дәл сол іс-әрекет –мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады»;
🔸Сонымен қатар аталған бап жаңа 4) тармақпен толықтырылған: «4) құқық қорғау органында жауапты мемлекеттік лауазым атқаратын адам немесе судья жасаған іс-әрекеттер –»; 364-бабы (Кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу) төмендегі мазмұндағы 2-1 және төртінші бөліктермен толықтырылды:
▪️ «2-1. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, құқық қорғау органының қызметкері жасаған іс-әрекет – мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.»;
▪️ «4. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, құқық қорғау органында жауапты мемлекеттік лауазым атқаратын адам немесе судья жасаған іс-әрекет – мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.»;
🔸 Сондай-ақ, ҚК 365-370 баптарына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға жеке-жеке тоқталып өтті.
Іс-шара соңында профессорлық-оқытушылар, адвокаттар тарапынан туындаған сұрақтарына тыңғылықты жауап қайтарылды.
Қайнар:
Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық сотының баспасөз қызметі.✍️