Университет көлемінде «Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің түп қазығы» тақырыбы аясындағы айлық жоба 2025 жылдың 11 ақпанында тарих, экономика және құқық факультетінде жалғасты.
Алғашқы шара бизнес, басқару және туризм білім беру бағдарламасының ұйымдастыруымен «Ұл тәрбиесі-ұлт тәрбиесі» тақырыбында танымдық – шебер сағаты өткізілді.
Студенттерге ержігіттің қалай болу керектігі, ел -жұрт, үлкен кіші, кәрі-жас алдында өзін қалай ұстап, қалай қамқорлық жасау, отбасына үлгі-өнеге болу, қалай азаматтық таныту секілді істерге бағыт-бағдар беру және өз тәжірибесімен, қызметімен бөлісу мақсатында арнайы қонақтар шақырылды.
М.Өтемісов атындағы БҚУ доценті, облыстық Саяси кеңесінің бюросының мүшесі Жақсығалиев Жаңабек Жаңабайұлы ербаланы тәрбиелеудегі қазақ халқына тән ерекшелік пен қазірде құндылығын жоғалтпаған қасиеттер туралы терең мағыналы әңгімесін айтты.
«Nur-Er Орал» (жылқы кәсібі) жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директоры Джумашев Айдос Бейбітұлы жылқы кәсібін ашуға деген қызығушылығын айтып, қазіргі ат-спорт туристік орталығының қызметімен бөлісті. Студенттерге атқа міну мен қоса, садақ ату шеберлігін шыңдауға болатынын айтты.
Назарбаев зияткерлік мектебінің өнер пәні мұғалімі (қамшы өру технологиясы) үйірме жетекшісі Жумагалиев Арман Мендіғалиұлы- студенттерге қамшы тарихы мен оны өрудің технологиясын түсіндіре отырып, шебер сағатын өткізді.
«Оқушылар сарайы» МКҚК, "IT орталық" бөлім басшысы, БҚО бойынша алғашқы робототехника үйірмесінің жетекшісі Қырықбаев Нұрбол Мұсаұлы студенттерге ұлттық құндылықты заманауи біліммен ұштастыру арқылы әлемге робототехниканы таныстырып, шәкірт тәрбиелеп, сол шәкірттерінің жетістіктерімен таныстырды. Шәкірттерінің бірі «БҚО 2023 жылдың үздік оқушысы» номинациясы иегері Курмангалиев Алиислам.
Шәкірттері Халықаралық робототехника және инновациялық жобалар олимпиадасының абсолюттік чемпиондары, Орталық Азия чемпионатынан Гран При иегерлері, 2024 жылы АҚШ-тың Бостон қаласында өткен робототехникадан чемпионатта үздік ондыққа енді.
«Ұл тәрбиесі-ұлт тәрбиесі» тақырыбында өткен іс-шара студенттерге ерекше әсер қалдырды. Студенттер тек сұқбаттасумен ғана шектелмей, шеберлік сағаттарға қатысып, қамшы өру, пышақ қайрау, шеге қағу секілді ер балаларға тән ептілік пен мергендік, ұқыптылық қасиеттерін шыңдады.