Қаржылық сауаттылық

Бүгінгі таңда қаржы жағынан сауатты болу үшін әрбір азаматқа қаржылық басты ұғымдарды меңгеріп, қаржылық институттардың қызметтерін бағдарлап, олардың артықшылықтары мен кемшіліктерін білген жөн. Оған қоса, бұл қаржы нарығындағы жағдайлардан хабардар болуды, кіріс пен шығыс шығындарын жоспарлап, өз бюджетіңізді жүргізуді де талап етеді.
Иә, расымен де қаржылық сауаттылық – қаржыға қатысты теңгестірілген сауатты және саналы шешімдер қабылдау үшін қажетті білімдер мен қабілеттер. Соларды меңгерген азамат кез келген қаржылық мәселелерде оңтайлы әрі дұрыс шешім қабылдайтын болады. Ал қаржылық сауаттылықты әрбір азамат меңгеру міндетті ме? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін есеп және қаржы кафедрасының аға оқытушылары Н.Г.Шамакова мен Э.Н.Баудиярованың ұйымдастыруымен 20 қараша күні қаржы мамандығының студенттеріне Орал қаласы «OXFORD» білім беру орталығының мамандарымен онлайн кездесу өтті. Кездесудің мақсаты - студенттердің қаржылық сауаттылықтарының деңгейін арттыру және қаржылық білімді дамыту. Бұл орталық «Халықтың қаржы сауаттылығы деңгейін көтеру» туралы жалпыұлттық идеяны алға тартады. Орталық мамандары студенттерді қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша кәсіби курстардың бағдарламаларымен таныстырып, орталықта корпоративтік және жеке қаржы бойынша тренингтердің кең спектрі ұсынылатынын атап өтті. Орталық жүзеге асыратын бағдарламалар теориялық білімді ғана емес, көптеген тәжірибелік мысалдарды да қамтиды.
Кездесу қаржылық институттардың өнімдері мен қызметтеріне қатысты мәселелерді талқылауға қатысқан студенттердің үлкен қызығушылығын тудырды. Кеш соңында студенттер қаржылық сауаттылыққа қатысты қойылған сұрақтарға нақты жауап алды.


Басып шығару