Қысқы мектепте талқыланған ерекше Идеялар Форумы

Бүгін 2024 жылдың 8 қаңтарында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде Офис тіркеуші бөлімінің ұжымы ұйымдастырған «Кредиттік оқыту жүйесіндегі инновациялар» тақырыбында идеялар форумы жоғары деңгейде өтті. Форумға Қазақстан тарихы кафедрасы ұжымынан тарих ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Байбулсинова Альфия Сабыргалиевна, магистр оқытушы Ғұбай Айдана Серікқалиқызы қатысты. Форум Офис тіркеуші бөлімінің жетекшісі Кдыргужина Эльмира Меңдіғалиқызының тренингімен басталып, қатысушыларға өз пікірлерін білдіруі үшін «Ми шабуылы» әдісімен ой тасталды. Форумға университеттің барлық білім бағдарламаларының жетекшілері мен құрастырушылары, кафедра меңгерушілері қатысты. Шара барысында қазіргі кезеңдегі білім беру жүйесінің ерекшеліктері, жаңа міндеттер мен талаптар, сапалық білім берудегі кездесетін кедергілер сияқты мәселелер талқыланды. Оның ішінде жазғы семестрді ұйымдастыру, оның алдын алу, жаңа оқу жылының семестрлік пәндері мен дәріс өткізетін оқытушыларды таңдау, оқу жетістіктерін бағалау рейтинг жүйесі бойынша ағымдағы, аралық және қорытынды бақылау жүйесінің өзекті мәселелері көтерілді. Ерекше форматта ұйымдастырылған идеялар форумының нәтижесінде қатысушылар жаңа оқу жылына енгізу үшін кредиттік оқыту жүйесінің тың әдістерін атап, оны практикада қолдануды ұсынды.


Басып шығару