Батыс Қазақстан облысының Әділет департаментінің ұйымдастыруымен 25 қазан – Республика күні мерекесіне орай студенттердің құқықтық мәдениетін арттыру және зияткерлік меншік саласында танымдық белсенділігін дамыту мақсатында 2025 жылғы 3 қарашасында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті базасында «Құқығыңды біл және қорға!» аймақтық құқықтық форум-ойыны оздырылды. Интерактивті форум-ойын құқықтық блиц, кейс-турнир, AI-сот имитациясы, QR-кейс шешу және медиа-дебат элементтерін қамтыды.
Форумның мақсаты – жастардың құқықтық санасы мен құқық қорғау дағдыларын жетілдіру, зияткерлік меншік пен жасанды интеллект саласында заңды қолдану мәдениетін қалыптастыру, құқық пен цифрлық технологияның үйлесімін көрсету болып табылады. Міндеттері: - студенттердің зияткерлік меншік, авторлық құқық және AI технологиялары жөніндегі білімін арттыру; - жастардың өз құқықтарын тану және қорғау жауапкершілігін қалыптастыру; - AI мен құқықтық реттеу саласындағы практикалық мәселелерді талқылау; - университет пен Әділет органдарының өзара серіктестік алаңын қалыптастыру, құқықтық мәдениетті дамыту.
Форумға облысымызда «Құқық» білім беру бағдарламасы бойынша мамандарды дайындайтын жоғарғы оқу орындарының студенттерінен құралған командалар қатысты. Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті атынан 2-3 курс студенттерінен құралған «JustTeam» командасы қатысып, жоғары біліктіліктерін көрсетті.
Нәтижесінде форумға қатысушы командалардың ішінен университетіміздің «JustTeam» командасы «Фемида» командасымен финалға шығып, «Жасанды интеллект – мүмкіндік пе, қауіп пе?» тақырыбындағы пікірталас турнирінде жасанды интеллектінің қауіп тудыратын тұстарын мықты аргументтеп берді.
Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің «JustTeam» командасы «ҮЗДІК МЕДИА-ҚОРҒАУШЫ» номинациясымен және 50 000 теңгелік сертификатпен марапатталды.
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің «Құқық» білім беру бағдарламасы БҚО Әділет департаментіне және Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетіне құқықтық шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіреді!





