Бүгін біздің ортақ мақсатымыз – қоршаған ортаны таза ұстау және табиғатты аялау жолында тағы бір игі қадам жасалды. Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің «Құқық» білім беру бағдарламасының студенттері дәстүрлі сенбілікке белсене қатысып, өз қолымен қаламыздың көркін арттыруға өздерінің үлестерін қосты. Бұл шараның мақсаты – айналамызды таза ұстау, табиғатқа қамқор болу және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Таңғы таза ауада барлығымыз бір ниетпен жиналып, таңертеңнен бастап барлығымыз қолғап, қаптар мен құралдарымызды алып, аумақты алтын жапырақтардан тазартуға кірістік. Қаламыздың әр бұрышы таза әрі әдемі болған сайын, көңіл де көтеріліп, жақсы істерге деген ынта арта түседі. Осындай іс-шаралар тек айналаны көркейтіп қана қоймай, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, адамдарды бір-біріне жақындата түсуге ықпал етеді.
Сенбілік – тек тазалық шарасы емес, бұл – азаматтық жауапкершілік пен ортақ игілікке қосқан үлес. Әр адам өз тұрғылықты жерін таза ұстаса, қоршаған орта да жақсарып, өмір сүруге қолайлы жағдай туады. Бір мақсатқа жұмылған жандардың еңбегі әрқашан нәтижелі болатынына тағы бір рет көз жетті.
Осындай игі іс-шаралар арқылы біз жас ұрпаққа табиғатты аялаудың, еңбекті құрметтеудің үлгісін көрсетеміз. Әрбіріміз өз ортамызды таза ұстасақ, қоршаған әлем де көркейе түседі! Бүгінгі күн еңбектің, ынтымақ пен бірліктің символына айналды. Осындай бастамалар жалғасын тауып, әр сенбі игі істердің күніне айналсын! Таза қала — жарқын болашақ!




